Украинадағы соғыс аумағына жіберілген тоғыз қазақстандық Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілді. Бұл туралы азаматтарды елге қайтаруға көмектесіп жүрген заңгер Мейірман Шекеев хабарлады деп жазады Alash.kz порталы Ulysmedia.kz дерегіне сүйеніп.
Басылымның мәліметінше, заңгер бұған дейін әлеуметтік желідегі парақшасында соғыс аймағынан жеті қазақстандықтың шығарылғанын жазған. Кейін олардың саны тоғызға жеткені белгілі болды. Алайда азаматтардың Қазақстанға нақты қашан оралатыны әзірге белгісіз.
Шекеев бастапқыда жариялаған жазбасында азаматтардың соғыс аумағынан әкетіліп, Воронежге жеткізілгенін айтқан. Сондай-ақ жағдай сәтті өрбісе, олардың елге оралуына көп уақыт қалмауы мүмкін екенін жеткізген.
Заңгердің сөзінше, қазақстандық дипломаттар Ресей тарапымен келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр. Ал өзі соғыс аймағынан шығарылған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста отыр.
Еске салайық, қазан айының басында Ресейге жұмыс іздеп барған бірнеше қазақстандық Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын. Олардың айтуынша, Ресейде жүрген кезінде өздерін әскери келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеп, кейін Украинадағы соғысқа жіберген.
Қазіргі уақытта азаматтарды Қазақстанға қайтару мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.