Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің АҚШ-қа «бейбіт жоспардың» жаңартылған нұсқасын жолдағанын растады, деп хабарлайды Alash.kz.
Зеленский бейсенбі күні журналистермен кездесті. Кездесу барысында Ресейге қатысты ықтимал ымыра мәселесін Украина халқының өзі шешуге тиіс екенін айтты.
— Менің ойымша, бұл сұраққа Украина халқы жауап беруі керек. Ол сайлау арқылы ма, әлде референдум арқылы ма — халық өз ұстанымын білдіруі тиіс, — деді Украина президенті.
Сондай-ақ ол АҚШ-тың ұсынысына тоқталып, Вашингтон шығыс аймақтағы ресейлік және украиналық әскерлер арасында демилитаризацияланған «еркін экономикалық аймақ» құруды ұсынатынын жеткізді.
— Олар украин әскерінің Донецк облысынан шыққанын көріп отыр. Ұсынылып отырған ымыра — ресейлік әскер бұл аумаққа кірмейді. Ал «еркін экономикалық аймақ» немесе «демилитаризацияланған аймақ» деп аталып отырған бұл аумақты кім басқаратыны әзірге белгісіз, — деді Зеленский.
Еске салайық, шамамен үш апта бұрын АҚШ Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеуге арналған өз бейбіт жоспарын ұсынған болатын. Бұған дейін Еуропа көшбасшылары Владимир Зеленскиймен Украина бойынша бейбіт жоспарды талқылағаны хабарланған еді.