Украина президенті Владимир Зеленкий Киевтің Иранға қарсы соғысқа қатыспайтынын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Украина президенті Владимир Зеленский Таяу Шығысқа ирандық камикадзе-дрондардан қорғану мәселесі бойынша кеңес беру үшін бірнеше мамандар тобы жіберілгенін айтты.
Ол бұл туралы 14 наурыз күні журналистермен кездесуде мәлімдеді. Владимир Зеленскийдің хабарлауынша, әрқайсысы ондаған маманнан тұратын үш сарапшылар тобы туралы айтылып отыр.
- Айтарлықтай мықты топтар жіберілді. Әр топта ондаған адам бар. Бұл үш-төрт адам бір жерге барып, бірдеңе көрсетіп келетін жағдай емес. Ұшып кеткен үш топ та сараптама жүргізіп, мұның қалай жұмыс істеуі керегін көрсете алады, — деп келтіреді Зеленскийдің сөзін «Интерфакс-Украина» агенттігі.
Зеленский украиналық мамандар әскери операцияларға қатыспайтынын және Иранға қарсы соғыспайтынын бөлек атап өтті. Оның айтуынша, миссия тек сараптамалық және кеңес беру сипатында.
- Әңгіме қандай да бір операцияларға қатысу туралы емес. Біз Иранмен соғысып жатқан жоқпыз. Бұл — қорғаныс мәселесі және "шахедтермен" қалай күресу керек екені жөнінде біздің тараптан нақты әрі толық сараптама жүргізу туралы, — деді Украина президенті.