Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Үкімет құрамы қайта жасақталды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ел Президентінің кадрлық шешімдеріне сәйкес, Үкімет басшылығы мен министрліктердегі тағайындаулар төмендегідей ретпен бекітілді.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары лауазымына Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды.
Қанат Бозымбаев Премьер-Министрдің орынбасары қызметін иеленді. Серік Жұманғарин Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі, Жаслан Мәдиев Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі, ал Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына тағайындалды.
Сондай-ақ Президенттің Қазақстанның Құрылтайындағы Өкілдігінің басшысы қызметіне Мұрат Қайырбек бекітілді.
Сыртқы істер министрі болып Мұхтар Тілеуберді, Қорғаныс министрі болып Дәурен Қосанов, ал Ішкі істер министрі лауазымына Ержан Сәденов тағайындалды.
Қаржы министрлігін Мәди Такиев, Әділет министрлігін Ерлан Сәрсембаев, Төтенше жағдайлар министрлігін Мұрат Мұханов, Көлік министрлігін Нұрлан Сауранбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін Ерсайын Нағаспаев, ал Энергетика министрлігін Ерлан Ақкенженов басқаратын болды.
Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына Айдарбек Сапаров, Су ресурстары және ирригация министрі болып Нұржан Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне Әлібек Қуантыров бекітілді.
Әлеуметтік және гуманитарлық салада да жаңа басшылар анықталды. Мәдениет және ақпарат министрі болып Арман Қырықбаев, Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі қызметіне Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Денсаулық сақтау министрлігін Ақмарал Әлназарова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Асқарбек Ертаев, Сауда және интеграция министрлігін Арман Шаққалиев, ал Туризм және спорт министрлігін Ербол Мырзабосынов басқарады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесуінде премьер-министр лауазымына Олжас Бектенов сайланған болатын.