Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Үкімет ет экспорттауды қолдаудың орнына, «астынан орақ салды» – Асылжан Мамытбеков (ВИДЕО)

11:34, 04 наурыз 2024 570

Қазақстанның 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндігі бар. Бірақ соншама мүмкіндігі бола тұра, Қазақстан 2010-2011 жылдары 1 келі де ет экспорттамаған. Тіпті көрші, одақтас елдердің өзіне бір килограмдай да ет экспорттаған жоқ.  Бұл деген – сұмдық нәрсе! Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ет және ет өнімдерін экспорттауға өте көп шектеу қойылып тастаған. Бұл туралы бұрын ауыл шаруашылығы министрі қызметін бес жылдай атқарған Асылжан Мамытбеков «QASQA JOL» YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Экс-министрдің айтуынша, сол кездері еліміз бойынша бір ғана компания экспорттауға мүмкіндік алып отырған. Оның өзі тек тұшпара экспорттайтын. Ол – ұят нәрсе!

«Қазір еліміздің барлық елдерге экспорттауға мүмкіндігі бар. Біз халықаралық бюроның арнайы статусын алдық. Ет бағытын дамытудың көзін аштық деп айтуға болады. Өйткені бұған дейін ет бағытына ешкім сенбеген. Біздің негізгі экспортымыз – ұлттық позициямыз болатын. Ал біз 60 мың тонна ет экспорттау межесіне 2018 жылы ғана жеттік. Оны іске асыруға 2-3 жыл уақытымыз кетіп қалды. Себебі ет экспорттау туралы жобамызды түсінген мемлекеттік органдар болған жоқ. Қолдай да қоймады. Керісінше, аяқтан шалып, жоқ нәрседен сылтау тауып, тырнақ астынан кір іздегендер көп болды. Соларға ісіміздің, бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеуіміз керек болды. Қазір 2016 жылдан бері он жылдай уақыт өтіп кетіпті. Екі жылдан кейін он жыл болады. Сол межеде әлі тұрмыз ғой. Одан кер қайттық, керісінше», - деді А.Мамытбеков.

Бағдарлама жүргізуші «Сонда біз неге кері кетіп жатырмыз?» деп төтесінен сұрақ қойды.

«Оны менен сұрамау керек. Оны қазіргі креслода отырған, сол креслоға отырып кеткен азаматтардан сұрау керек. Өйткені экспорт шектелді. Үкімет бізді қолдаудың орнына, керісінше, дамып келе жатқан саланың астынан орақ салып, экспортты тежеді. Оған әртүрлі себептерді сылтау етті. Кейбіреулер ішкі нарықты сылтау етті, ал біреулерге сол саланың дамымауы керек болды, т.б. Қызғанғандары, көре алмағандары бар дегендей... Сондықтан бұл жерде себеп көп. Қорытындысы Үкімет экспортты жабу туралы шешім қабылдады. Оған әрі пандемия кері әсерін тигізді. Ақырында біз 63 мың тоннаға жеткен межемізден құлдырап кеттік», - деді экс-министр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар