Жетібай ауылы аумағында орналасқан «Жауқазын» балабақшасында тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне қатысты жанжал туындады. Бұл туралы ата-аналар дабыл қағып, жағдайды қоғамдық талқыға шығарды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ата-аналардың айтуынша, балабақша меңгерушісінің ұлы топтар арасында еркін жүріп, өзге балаларға агрессия көрсетеді. Тіпті оның қолына кеңсе пышағын ұстап алып, қатарластарына қоқан-лоқы жасағаны жөнінде мәліметтер айтылуда. Шағымданушылардың сөзінше, бала қыздарды ұрып, «ұйықтамаңдар, әйтпесе кесіп аламын» деп қорқытқан.
Тұрғындар тәрбиешілер бұл жағдайға тиісті деңгейде назар аудармай отыр деп санайды. Олардың пікірінше, бала мекеме басшысының ұлы болғандықтан, қызметкерлер тарапынан көз жұму фактілері болуы мүмкін.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ата-аналар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талап еткен. Алайда балабақша әкімшілігі түрлі себептермен оларды көрсетуден бас тартқан. Учаскелік инспектор бейнежазбаларды тек ресми арыз түскен жағдайда ғана алуға болатынын түсіндірген.
Аталған жағдайға байланысты Маңғыстау облыстық білім басқармасы арнайы комиссия құратынын мәлімдеді. Жұмыс тобы барлық деректерді зерделеп, заң аясында шешім қабылдайды.