Астанада үш баланың анасы көзге жасалған отадан кейін көз жұмды. Артында анасының жолын тосқан балалар мен қайғыдан қан жұтқан отбасы қалды. Арада үш ай өтсе де, марқұмның жақындары оқиғаның мән-жайы толық ашылмағанын айтып, шындық көмескі тартып кетпесе екен деп алаңдайды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға өткен жылдың 31 қазанында болған. Сол күні Аида Оспанова елордадағы көз ауруларын емдейтін жекеменшік клиникада ота жасатқан. Жарты сағатқа созылады делінген операциядан отбасы еш қауіп күтпеген. Үйден шығарда үш жасар ұлын қызына аманаттап, «тез ораламын» деп кеткен ана перзенттеріне қайта оралмады.
Жақындарының айтуынша, ота басталардан бір сағат бұрын дәрігерлер науқаста қосымша катаракта барын айтып, оны да алып тастауға шешім қабылдаған. Көп ұзамай қыздарына қаралы хабар жеткен.
Марқұмның қызы Ақерке Әкімханова сот-медициналық сараптама қорытындысымен келіспейтіндерін айтады. Құжатта өлім себебі ретінде жедел кардиомиопатия мен жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі көрсетілген. Алайда туыстарының сөзінше, Аида Оспанованың бұған дейін жүрек сырқаты болмаған, қолдарында отаға дейін тапсырылған талдаулардың нәтижесі бар.
Отадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған. Науқас басқа ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Марқұмның тағы бір қызы Әмина Әкімханова құжаттардағы уақыт айырмашылығы күдік туғызатынын жеткізді. Бір құжатта биологиялық өлім сағат 16:18-де тіркелсе, туыстарына 17:11-де клиникалық өлім туралы хабарланған. Кейбір қағаздарда 16:48 уақыты көрсетілген. Отбасы егер дәрігерлердің кінәсі дәлелденсе, тиісті жауапкершілік жүктелуін талап етеді.
Ал жекеменшік клиника директоры Ақмарал Ағелеуова операция жоспарға сай, асқынусыз өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, отадан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем шақырылған және пациент теміржол ауруханасына жеткізілген. «Өлім себебін біз анықтай алмаймыз. Қайтыс болу фактісі біздің медициналық ұйым аумағында тіркелген жоқ», – деді ол.
Туыстарының айтуынша, осы уақытқа дейін клиникада кешенді тексеру жүргізілмеген. Олар тергеу тоқтап қала ма деп алаңдайды. Ең бастысы – жақын жанның нақты неден көз жұмғанын білу. Артында үш баласы, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін үш жасар бүлдіршін қалды.