Шахтинскіде үйді газ баллонымен жаруға қорқытқан ер адам 16 тәулікке қамалды, деп жазды Alash.kz.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында тұрғын үйді газ баллонымен жаруға қорқытқан ер адам 16 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 2 қыркүйекте болған.
Сот материалдарына сәйкес, мас күйіндегі ер адам пәтеріне қамалып, үйді жаруға ниетті екенін айтқан. Оқиға орнына полиция мен төтенше жағдайлар қызметі келіп, қажет болған жағдайда тұрғындарды эвакуациялауға дайын болған. Біраз уақыттан кейін ер адам есікті өзі ашқанымен, ұсталған кезде полицейлердің заңды талаптарына бағынбаған.
Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке, ал полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін тағы бір тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар, ер адамға үш ай бойы алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды. Ол айына үш рет Шахтинск полиция бөліміне профилактикалық әңгімеге келіп тұруға міндеттелді.
Оқиға салдарынан тұрғындар арасында зардап шеккендер болған жоқ. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.