Моңғолиядан арнайы келген Замира есімді келіншек 12 жыл отасқан күйеуі балаларын рұқсатынсыз алып кеткенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, отбасылық жанжалдың кесірінен күйеуі бұдан үш жыл бұрын, яғни 2023 жылы ұл-қыздарын ескертпестен Алматыға көшіріп әкеткен. Содан бері балаларын бір көруге зар болған ана қазір Алматы қаласында жалдамалы пәтерде тұрып, олардың мектебін торуылдауға мәжбүр. Жұбайынан тұрмыстық қысым, соққы көріп, ішімдікке әуестігінен шаршағанын жеткізген Замира басынан өткен ауыр жағдайды төл сөзімен былайша баяндады:
«Күйеуім көңілдесімен кетті, сыртымнан ойнас қылғаны аздай, балаларымды да көрсетпей отыр. Жалғыз адам оңай өмір сүрмейді ғой. Жынды адам ұқсап жүреміз енді, балаларымызды тосып. Сөйлесейін десем, телефонды алмайды. Кететін кезде маған айтқан жоқ. Әуежайда отырғанда маған СМС жазды: «Біз кеттік». Сенген жоқпын, неге? Сол кезде адвокатыма да айттым: «Енді қайттім, балаларымды алып кетіп бара жатыр». Жарайды енді тосайық дедік. Сөйтіп үш ай тостым, келіп қала ма деп. Сол 2023 жылдан бері күйеуіме жалындым: «Балаларымды әкеліп берші». Менімен сөйлестірмей қойды, танымайтын өз туыстарының үйіне тығылып», – деді ол.
Сондай-ақ келіншек күйеуінің 2021 жылдан бастап басқа жанмен өмір сүріп келе жатқанын, өзінің қазір жұмыс іздеп жүргенін және жағдай оңғалмаса, балаларын Моңғолияға алып кеткісі келетінін жасырмады.
Ал күйеуі Алтынбек бұл айыптауларды мүлде жоққа шығарып, керісінше әйелінің опасыздық жасағанын алға тартты. Оның сөзінше, отбасындағы ұрыс-керістен көңілі қалған балалар анасынан өздері бас тартқан.
«Иә, басқа адаммен, үйге қонбайды. Ана жақта үй бар, сол үйімде өмір сүріп жатыр. Сол күйеуімен, менің дайындап берген бүкіл жиһазыммен, менің жатып-тұрып жүрген, бала-шағамның тұрып жүрген үйінде, сол, жаңағы күйеуімен өмір сүреді. Бүкіл көрші-қолаң, ағайын-туыс — бәрі біледі. Мен бермеймін. Оны Моңғолияда сот болған кезде да айтқам. Сол үшін сараптама жасаған», – деді Алтынбек.
Өз кезегінде заңгерлер сот шешімінсіз балаларды анасынан бөліп қою заңсыз екенін түсіндірді.
«Қазір заңды өкілі болса, сол жеткілікті. Заңды өкілі ата-анасы, анасы немесе әкесі шетелге қыдыруға алып кете алады. Алайда алып кеткен кезде баланың мүддесі қорғалу керек. «Неке және отбасы туралы» кодексте 78-бабы, 72-баптарда нақты көрсетілген. Яғни ата-ананың әкесі, анасы балаларымен араласуға ешқандай кедергі келтірмеу керек. Толық араласуға құқысы бар. Егер бала «барғым келеді» дейтін болса, анасы алып кете алады. Себебі: әкесімен тұруға сот шешімі анықталған жоқ», – деді заңгер Нұрболат Ибраев.
Моңғолия азаматы, теміржол сауда үйінде экономист болып еңбек ететін Замира Алматыға үш айлық рұқсатпен келген. Оның басты мақсаты — тұрақты жұмыс тауып, балаларын өз қолына қайтарып алу және қажет болса осында қоныс аудару.