Өскемен қаласында саяжайда болған өрт салдарынан 50 жастағы әйел адам қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға Старая Согра ауданында орналасқан «Прогресс» саяжай қоғамының аумағында орын алған. Жазғы үйде жалын тұтанғаны туралы хабарлама кезекші пультке түскен бойда оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті. Құтқарушылар 64 шаршы метр аумақты қамтыған ашық өртті толығымен ауыздықтады. Қызыл жалын сөндірілгеннен кейін қираған үйінділерді аршу барысында өртенген баспананың иесі болған әйелдің денесі табылды.
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өрттің туындау себептері мен оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Осы оқиғаға байланысты ма мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, электр бұйымдарын абайлап пайдалануды және пеш жабдықтарының бүтіндігін ұдайы қадағалап отыруды тағы да ескертті.