Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Уақыт керек. Бәрі орынды...»: Депутат Ирина Тен жұмысын сынағандарға жауап берді (ФОТО)

14:45, 01 қазан 2026

Құрылтай депутаты Ирина Тен әлеуметтік желідегі оқырмандарының сынына жауап беріп, өзі атқарып жатқан жұмыстардың егжей-тегжейін бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Желіде оның депутаттық қызметіне қатысты «Түк бітірмей қатыңыздар ма», «Бірдеңе түсіндің бе өзің» деген сыни пікірлер пайда болған.

Осыған байланысты Ирина Тен атқарылып жатқан жұмыстардың бір күнде нәтиже бере қоймайтынын, оған уақыт пен үлкен жауапкершілік керегін меңзеді.

«Талап, жауапкершілік көп. Жұмысымыздың нәтижесі көріну үшін уақыт керек. Қолдаушылар бар, сынаушылар бар... бәрі орынды», — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ ол реформалар мен заңнамаларды Конституцияға сәйкестендірумен қатар, азаматтардан тікелей түсетін өтініштерді де қараумен айналысатынын атап өтті. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасының Direct бөліміне де, жеке телефонына да хабарласатын тұрғындардың көптігін тілге тиек етті.

«Реформалар мен заңдарды Конституцияға сәйкестендірумен қатар, тікелей келетін хаттар мен өтініштерді қараймыз. Direct немесе жеке номеріме хабарласатын адамдар қаншама... Бірақ, жүйелі жұмыс жасау үшін e-Otinish арқылы байланысқан абзал. Бәрі заң мен тәртіп аясында. E-Otinish арқылы», — деді Ирина Тен.

Оның сөзінше, азаматтардың мәселесін шешу жолында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сияқты мемлекеттік органдармен де тікелей жұмыс жүргізіледі. Ол тұрғындардың өтінішінен кейін тиісті мекемелер мәселеге назар аударып, жауап бере бастайтынын жеткізді.

«Әр ұйқысыз түн, мазасыз күн, әр жүйке жүйесінің жасушасы осындай бір хабарламаға тұрады. Өміріңнің мәнін түсінгендей боласың))) тоқтамай жұмыс істегің келеді», — деп жазды ол.

Сонымен бірге Ирина Тен тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша жұмыс тобының кездесуінде талқылау, ұсыныс білдіру, зерттеу, болжамдау, сараптау және дәлел келтіру сияқты кешенді процестердің үздіксіз жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, процестің бәрін ашық көрсету мүмкін болмағанымен, нәтижесі баршаға ортақ болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар