Қазақстанда жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алушылар құрылыс компанияларының жарнамалық уәделеріне сеніп, кейін түрлі құқықтық әрі тұрмыстық қиындықтарға тап болып жатады, деп хабарлайды Alash.kz BAQ.KZ тілшісіне сілтеме жасап.
Бұл туралы «Ұлттық тұтынушылар лигасы» республикалық қоғамдық бірлестігі президентінің орынбасары Василий Романовский мәлімдеді. Сарапшының сөзінше, баспана сатып алу барысында ең алдымен сатып алу-сату шарты мен техникалық құжаттаманы мұқият зерделеу қажет.
Ресми келісімшартта пәтердің барлық техникалық сипаттамалары, атап айтқанда тұрғын үйдің ауданы, инженерлік желілердің тартылуы, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ резервтік генератордың болуы сынды техникалық ерекшеліктер нақты жазылуы тиіс. Бұған қоса, аумақтағы балалар алаңы, автотұрақ, демалыс аймақтары сияқты инфрақұрылым нысандары да құжат жүзінде бекітілгенде ғана оны құрылыс салушыдан талап етуге мүмкіндік туады.
«Бізге құрылыс компаниясының осындай уәделеріне сеніп пәтер сатып алған азаматтар бірнеше рет жүгінді. Кейін белгілі болғандай, метро салу жоспарда болмаған, ал уәде етілген инфрақұрылым мүлде жүзеге аспаған», – дейді Василий Романовский.
Маманның айтуынша, сату менеджерлері метро желісі, көгалдандыру немесе еуропалық стандарттағы алаңдар туралы ауызша айтқанымен, тұрғындардың көбі бұл ақпаратты ресми құжаттардан тексермейді. Ал дау туындағанда келісімшартта мұндай міндеттемелер көрсетілмегендіктен, құрылыс компаниясы жауапкершіліктен жалтарып кетеді, әрі менеджердің ауызша сөзін кейін дәлелдеу өте қиынға соғады. Сондықтан барлық маңызды шарттар ресми келісімде немесе хат алмасу барысында бекітілуі шарт.
«Кейбір жағдайларда сатып алушыларға әр шаршы метр үшін белгілі бір көлемде қаржы қайтарылған. Дегенмен бұл барлық жағдайда бола бермейді. Кейбір құрылыс салушылар тұтынушылармен келісімге келуге дайын болса, енді бірі келісімшартта көрсетілмеген талаптар үшін жауап бермейтінін алға тартады. Заң тұрғысынан алғанда, егер белгілі бір міндеттеме құжатта жазылмаса, оны орындату өте қиын», – деп түсіндірді сарапшы.
Қоғамдық бірлестік өкілі пәтер сатып алар алдында жобаның техникалық сипаттамаларын, инфрақұрылым жоспарлары мен құрылыс салушының міндеттемелерін мұқият тексеріп, кез келген уәдені ресми құжаттармен бекітуге кеңес береді.