Әзірбайжанның Мингячевир қаласында қайғылы жағдай тіркелді: 19 жастағы Ляман Мамедли туыстар арасындағы жанжалдан кейін өзіне қол салған. Бұл туралы Alash.KZ сайты The Sun басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Stan.kz хабарлағандай, марқұмның әкесі Мурад Байрамовтың айтуынша, оқиғаның негізгі себебі – той көйлегіне байланысты туған дау. Оның сөзінше, қалыңдық таңдаған көйлек жігіт жаққа ұнамай, олар оны “шамадан тыс ашық” және “ұятсыз” деп бағалаған. Сол сәтте-ақ екі отбасы арасында жанжал басталған. Әлеуметтік желілерде тараған “Ляман жігітімен жас айырмашылығына байланысты тұрмысқа шыққысы келмеді” деген ақпаратты әкесі түбегейлі жоққа шығарды.
Оның айтуынша, кикілжің – әйелдерге арналған той бөлімі аяқталғаннан кейін басталған. Салтанаттан соң Эльнур есімді жігіт пен оның ата-анасы қалыңдықтың үйіне келіп, дауласқан. Туыстар көйлектің қалыпты, дәстүр мен әдепке сай екенін түсіндіруге тырысқанымен, жігіт жағы өз уәжінен қайтпаған.
“Ертесінде дау қайта жалғасады. Сол кезде екі отбасының жараспайтыны белгілі болды. Бірақ бәрі тым кеш еді. Қызым күйзеліс пен моральдық қысымды көтере алмай, өзіне қол жұмсады”, – деді қайғыдан қан жұтқан әке.
Мурад Байрамовтың айтуынша, жерлеу рәсіміне Эльнур мен оның ата-анасы да келген. Алайда марқұмның әкесі оларды үйден шығарып жіберген.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.