Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жасында көз жұмған Мадина Рашидқызының өліміне қатысты тың мәліметтер жария болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Блогер Жан Ахмадиев марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға, жерлеу рәсіміне қатысқан жергілікті әйелмен сұхбаттасқан болатын. Сұхбат берушінің айтуынша, марқұм қыздың ет жақындары мен туыстары келіп үлгермей тұрып жаназасын шығарып жіберуге әрекеттенген.
Сонымен қатар куәгер марқұмның денесіндегі сан түрлі жарақаттарды өз көзімен көргенін айтып, бұл оқиғаның артында күмәнді жайттардың бар екенін алға тартты. Осы ретте аталған мәлімдемелер туыстар тарапынан жасалғанын, ал оқиғаның нақты мән-жайын тергеу орындары анықтауы тиіс екенін атап өткен жөн.
Марқұмның жақыны: «Біз келмей жатып жаназасын шығармақ болған. Оған қарсы болдық. Мәйіт жатқан жерге өзіміз кірдік, бастапқыда бізді кіргізбеуге тырысты. Анасына денесін ашып көруге дайынсың ба деп сұрадым. Денесінде сау жері жоқ еді. Көгерген, жырылған жерлері болды», — деп мәлімдеді.