Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тұтас қазақстандықтарды қамықтырған трагедия. Бүгін Салтанат Нүкенованың қайтқан күні

18:56, 09 қараша 2024 1011

Осыдан тура бір жыл бұрын, 9 қарашада, Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Салтанат Нүкенованың ісіне, отбасының трагедиясына тұтас  қазақстандықтардың ғана емес, жер-әлемнің көптеген елдерінің де назары ауып, алаңдаушылық білдірді, Alash.kz ұлттық порталы. 

Оқиға осыдан бір жыл бұрын басталды. Жолдасының тарапынан зорлыққа ұшырап, жәбір көрген Салтанат Нүкенованың өліміне әлем назары ауды. Нүкенова ісі кейінгі жылдардағы ең атышулы істердің бірі болды.

Оқиға қалай басталды?

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова 2022 жылы тамызда танысқан. Сол жылдың желтоқсан айында олар мұсылманша неке қиған, ресми некелеспеген.

Салтанат Нүкенованың жақындары Бишімбаевтың қысымына қатысты пікір айтқан еді. Олар Бишімбаевтың Салтанаттың жұмыс істеуіне тыйым салғанын, кімдермен араласатынын бақылауда ұстағанын, туыстарымен, достарымен байланысын шектегенін мәлімдеді.

2023 жылы 8 қарашада кешке ерлі-зайыпты Дима Биланның Астанадағы концертіне барған. Концерт кезінде олардың арасында жанжал шығып, олар концерт аяқталмай жатып, Бишімбаевтың туысына тиесілі Bau мейрамханасына барған. Онда жанжал жалғасып, физикалық күш көрсетуге ұласқан.

Іс материалдарына сәйкес, Бишімбаев Нүкенованы қорлап, сыйлықтарын және сатып алып берген киімдерін сөз қыла бастаған. Бұған жауап ретінде Салтанат зергерлік бұйымдар мен киімдерін шешіп тастайды. Бұл қылығы Бишімбаевты одан әрі ашуландырған.

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі 2024 жылы наурызда басталды. Ашық өткен сот процесіне көпшіліктің назарын аударды.

Сот отырыстары тікелей эфирде көрсетілді. Қазақстан тарихындағы тікелей эфирде көрсетілген алғашқы сот болды. Сот барысында Салтанат Нүкенова соққыға жығылған сәттер бейнеленген бейнежазбалар ұсынылды.

Медициналық сараптамада өлім ми жарақатының салдарынан болғаны анықталды. Қуандық Бишімбаев жұбайын күшті дәрі-дәрмектер мен ішімдік ішіп, өзі құлап, жарақат алды деп, өз кінәсін мойындамады.

Алайда ұсынылған дәлелдер мен айғақтар нәтижесінде сот пен алқабилер Бишімбаевты кінәлі деп тапты.

Кінәлілер қалай жазаланды?

2024 жылы 13 мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар