Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тұтас әулеттің жүрегіне түскен жара…»: Өз баласынан қорлық көрген қария туралы жаңалық шықты (ВИДЕО)

12:03, 01 шілде 2026

Атырау облысының Сағыз ауылында өз ұлынан зәбір көріп, үй ішінде скотчпен байлап тасталғаны туралы ақпарат тараған 89 жастағы тыл ардагері Әділхан Сисенов бүгінде қалада тұратын немересі Нұрбақыт Ақниетқызының үйіне көшіріліп, оның толықтай күтімі мен қамқорлығына алынды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында 1937 жылы дүниеге келген қарияны кенже ұлының ұрып-соққаны жайлы хабарламалар тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Кезінде совхозда тапжылмай 40 жыл бойы басшылық қызметтерді абыроймен атқарған ақсақал қазіргі уақытта қауіпсіз жерде, жақындарының қасында тұрып жатыр. Немересі Нұрбақыт Ақниетқызы әлеуметтік желі қолданушыларының қойған сұрақтарына жауап бере отырып, бұған дейін ауылдағы шаңыраққа тек амандасып, хал-жағдай білу үшін ғана қысқа уақытқа барып жүргенін алға тартты. Осы себепті, қара шаңырақтың ішінде дәл мұндай сұмдық жағдайдың орын алып жатқанын тіпті ең жақын туыстарының өзі уақытында толық білмей қалған. Немересі бұл жағдайдың өте ауыр екенін, 90 жасқа таяған қарияның өмір бойы балалары мен немере-шөберелерінің қызығын көруді армандап, егде тартқан шағында өз перзенттері тірек болады деп сенгенін жеткізді. Ол атасын әулеттің негізгі тамырына, шаңырақтың сөнбес шырағына және ұрпаққа қалдырылған үлкен аманатқа теңей келе, бұл жаста қарт адамға ешқандай байлық пен даңқтың қажеті жоқтығын, ең бастысы — баланың жылы сөзі мен туғандарының амандығы екенін атап өтті.

Нұрбақыт Ақниетқызы Instagram желісіндегі жеке парақшасында бейнежазба жариялап, бұл трагедияның бүкіл туыстарының қабырғасын қайыстырғанын келесідей мәлімдемемен жеткізді: «Кейде өмір адамға ең ауыр сабақты бөтеннен емес, өз қаныңнан береді. Бір әкенің maңдай терімен өсірген 8 ұлы мен 4 қызы, бір шаңырақтан тараған үлкен әулет, бір дастарханда отырған бауырлар... Ал бүгін сол әулеттің жүрегі қан жылап отыр».

Ардагердің немересі бұл отбасылық жағдайды көпшілік талқысына салудың басты себебін былай деп ашып көрсетті:

 «Атаға түскен ауырлық – бір адамның ғана қайғысы емес. Ол – тұтас әулеттің жүрегіне түскен жара. Біз бұл видеоны ешкімді қаралау үшін емес, әр адамның жүрегіне ой салу үшін бөлісіп отырмыз».

Жақындары ешкіммен жауласуды көздемейтінін және тек қарияның тыныштығын ойлайтынын келесі сөздермен нақтылады:

«Біз ешкімге өш емеспіз. Бізге кек керек емес. Бізге жанжал керек емес. Бізге тек атамыздың жүрегіндегі жараның жазылғаны керек».

Жазбаның соңында Нұрбақыт Ақниетқызы бүкіл қоғамды қарт адамдар мен ата-аналарға ерекше мейіріммен қарауға шақырып, өз сөзін былай деп аяқтады:

 «Бүгін ата-анамызды қадірлейік. Барында бағалайық. Жылы сөзімізді айтып үлгерейік. Ертең кеш болып қалмасын. Алла ешбір шаңыраққа мұндай сынақ бермесін».

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар