Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының басшысы әрі БАӘ Ұлттық метеорология орталығының директоры Абдулла Әл-Мандуспен кездесті. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында тараптар жаһандық жылыну, су ресурстарын басқару және табиғи апаттардың алдын алу мәселелерін талқылады, деп жазады Alash.kz.
Мемлекет басшысы еліміздің климаттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде халықаралық ұйымдармен және Біріккен Араб Әмірліктерімен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесудің басты жаңалығы Түркістан облысында қолға алынатын бірегей экологиялық жоба болды. Қазақстан БАӘ-нің озық тәжірибесіне сүйене отырып, аймақтағы су тапшылығын жою үшін жауын-шашынды жасанды жолмен шақыру технологиясын енгізбек. Бұл бастама ауыл шаруашылығы жерлерін ылғалдандыруға және су қоймаларын толтыруға бағытталған.
Аталған инновациялық жоба биыл 17 мамырда ресми түрде іске қосылады. Осылайша, Қазақстан Орталық Азия өңірінде жасанды жаңбыр технологиясын өндірістік негізде пайдаланатын алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енбек. Бұл қадам климаттық сын-қатерлерге технологиялық тұрғыдан жауап берудің жаңа үлгісі болмақ.
Сонымен қатар тараптар метеорологиялық инфрақұрылымды жаңғырту мен ғылыми деректер алмасудың маңыздылығын сөз етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы өңірлік қауіпсіздік үшін стратегиялық мәнге ие екенін ерекше атап өтті.