Түркістан облысында 61 ауыл ішімдік сатудан бас тартқан, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов:
– Облыс бойынша 61 ауыл ішімдік сатудан бас тартты. Мұнда құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу маңызды рөл атқарады. Кейінгі жылдары аталған ауылдарда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуы керек, - деді.
Сонымен қатар, ол өңірде қылмыс деңгейі азайғанын жеткізді. Мәселен, облыста өткен жылы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық 3,2 пайызға төмендеген. Ұрлық — 38,7 пайызға, мал ұрлығы — 43,7 пайызға азайған. Пәтер ұрлығын жасаған 8, алаяқтық қылмыстарын жасаған 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталған.