Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Түркияға қайта барады». Әскерге барып мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтардың қазір қандай жағдайда екені хабарланды

15:00, 25 маусым 2025 331

Әскери борышын өтеу кезінде бас-ми жарақатын алып, мүгедек болып қалған Ербаян Мұхтар Түркияда жасалған нейрохирургиялық отадан кейін Қазақстанға оралғанына 4,5 ай болды. Қазір ол оңалту курсын жалғастыруда. Оның қазіргі жағдайы туралы жеке массаж маманы айтып берді, деп хабарлады Alash.kz ұлттық порталы turkystan.kz сайтына сілеп. 

Дәрігердің айтуынша, соңғы айларда Ербаян айтарлықтай нәтиже көрсеткен. Ол арқасын тік ұстап, өздігінен тұрып, мойынын басқара алатын жағдайға жеткен. Сонымен қатар сол қолы мен аяғында қимыл реакциясы пайда болған. Ербаян салмақ қосып, енді зонд арқылы емес, ауыз арқылы толық тамақтана алады.

«Бұл – 7,5 айдың ішінде жеткен үлкен жетістік. Емдеу баяу болса да, тұрақты жүріп жатыр. Мұндай жағдайда ең маңыздысы – үміт пен табандылық», – деді массажист.

Оның айтуынша, емдеудің екінші кезеңін өткізу үшін Ербаян қайтадан Ыстанбұлға аттанады. Маман оның толық сауығып кететініне сенімді.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Ербаян Мұхтар құқық қорғаушылар мен бейжай қарамаған азаматтардың қолдауымен Түркияға емделуге жіберілген болатын.

Бұған дейін Ербаян Мұхтардың адвокаты оның Астана қаласындағы нейрохирургия орталығына жатқызылғанын хабарлаған еді. Кейін ата-анасы оны Германияға емдеуге апарғысы келген.

Мамыр айының соңында белгілі болғандай, Ұлттық ұланның 22 жастағы әскери қызметкері Ербаян Мұхтар жарты жылдық қызметтен кейін күтпеген жерден комаға түскен.

Ресми нұсқаға сәйкес, ол дәретханада құлап, басын ұрып алған. Алайда отбасы бұған сенбейді, себебі жай құлаудың салдарынан шүйде сүйегінің сынуы, ми ісінуі, қатпарлы аймақтағы субдуралды гематома секілді ауыр жарақаттар болуы мүмкін емес деп санайды.

Ербаян Мұхтардың отбасының адвокаты бұл істі толық тергеуді және әділ шешім шығаруды талап етіп отыр.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар