Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу мақсатында Ресеймен үкіметаралық келісімдер жасалып, нысан маңындағы тұрғындарды көшіру шаралары жоспарлануда, деп жазады Alash.kz.
Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында алғашқы АЭС құрылысына қатысты екі бірдей маңызды құжатқа қол қойылады. Стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстарын ресейлік «Росатам» корпорациясы жүргізеді. Ал, бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапы Ресейден 13 миллиард долларға дейін несие қаражатын тартуы мүмкін. Жоспар бойынша құрылыс кезеңі 2027 жылы басталып, 2032 жылдың ортасына дейін толық аяқталады деп көзделіп отыр.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің мәлімдеуінше, мұндай атом нысандарының арнайы санитарлық-қорғау аймағы болатындықтан, станция айналасындағы 1 шақырымдық радиуста тұратын халық қауіпсіз жерге қоныс аударады. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың нақты қай өңірге немесе елді мекенге көшірілетіні әзірге белгісіз.
Сонымен қатар, вице-министр қазіргі уақытта болашақ АЭС-тің салынатын орны алдын ала айқындалғанымен, құрылыс жұмыстарын бастауға әлі ресми рұқсат берілмегенін нақтылады. Оның айтуынша, кез келген техникалық процестер басталмас бұрын, алдымен халықаралық талаптарға сай нысанның қоршаған ортаға тигізетін ықтимал әсері жан-жақты бағалануы тиіс.