Журналист Гүлжан Ерғалиеваның әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, Ержановты түнгі уақытта алып кеткен.
"Жұбайының айтуынша, Оразалы Ержановты түнде алып кеткен, үйінде тінту жүргізілген. Оған 10 тәулікке қамау жазасы берілген. Нақты себебі әзірге белгісіз", - деп жазды Ерғалиева.
Қоғам белсендісінің ұсталғанын Қазақстанның халықаралық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы да растады.
Ұйымның мәліметінше, қазіргі уақытта Оразалы Ержанов - Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі жетекшісі. Аталған қор шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруға жәрдемдесумен айналысады.
Ержанов әр жылдары Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы, Халық банкі төрағасының орынбасары, KEGOC вице-президенті, сондай-ақ "Наурыз банкінің" басқарма төрағасы қызметтерін атқарған.
Әзірге оны ұстауға не себеп болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.