Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында Атырауда орын алған қанды оқиғаға байланысты пікір білдіріп, күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайына талдау жасады, деп жазады Alash.kz.
Журналистің пайымдауынша, орын алған қайғылы жағдайдың негізінде босанғаннан кейінгі депрессия мен отбасындағы қолдаудың жоқтығы жатыр. Гүлмира Әбіқай бұл мәселенің тек бір отбасының қасіреті емес, қоғамдағы жүйелі проблема екенін алға тартты.
Гүлмира Әбіқай өз жазбасында әйелдердің психологиялық денсаулығына бейжай қараудың зардаптарын атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда депрессиялық күйді дұрыс түсінбеу науқастың жағдайын ушықтырып, соңы орны толмас өкінішке әкеледі. Журналист көп балалы ананың басындағы қиындықтарды баяндай келе, былай деп жазды:
«Ақбаян… 5-ші баласын туды, еш қолдау жоқ, күйеуі анау. Послеродовая депрессияны ешкім түсінбейді, жын кірді деп анда апарып, мында апарып, Индонезиядан бір-ақ шықты. Одан келіп өз ата-анасын, туғандарын өлтірген күдікті болып, ауытқу деп жындыханадан бір-ақ шықты. Балаларын құдай аясын».
Бұдан бөлек, журналист бұған дейін де осыған ұқсас жағдаймен жоғалып кеткен немесе денсаулығынан айырылған әйелдердің тағдырын мысалға келтірді. Ол босанғаннан кейін моральдық көмек көрмеген аналардың көбі тағдыр тәлкегіне ұшырайтынын, ал ер адамдардың мұндай сәтте жауапкершіліктен қашатынын қынжыла жеткізді.
Жазба соңында Гүлмира Әбіқай барша әйелдер қауымын ең алдымен өз-өзін бағалауға және психологиялық саулығына көңіл бөлуге шақырды. Ол отбасының берекесі әйелдің ішкі үйлесіміне тікелей байланысты екенін айтып, ойын былайша түйіндеді:
«Босанғаннан кейінгі депрессия деп баса айтып отырғаным маған хат жазған көп әйел, дәл осы кезде босанған соң қолдау болмаған соң ажалын тапты. Ессіз көшеге шығып, емшектегі балаларын тастап, үй-жай, бала-шағасын ұмытып талай әйел із-түссіз жоғалып кетті ғой. Шолпан сол күйі табылмады, Ардақ жоқ болды, Шынар жындыханаға түсті... айта берсең көп. Ал, күйеулері еш уайымсыз 5-6 баланы тастап, жас әйел алып алған. Сондықтан, қыздар, айналайын әйелдер! Күйеуді бақытты қыламын деп бала тумаңыздар, өзім бақытты боламын деп өмір сүріңіз! Бақытты әйелдің жанында бақытты отбасы бар».