Мысырдағы қайғылы жағдайдан кейін әйел адамның мәйіті бүгін Қазақстанға жеткізіледі, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мысырда орын алған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Аталған оқиға салдарынан Қазақстан азаматшасы қаза тапқан болатын.
Мәжіліс кулуарларында сөйлеген вице-министр марқұмның мәйіті бүгін елімізге жеткізілетінін айтты.
«Барлық рәсімдер аяқталған соң, мәйітті бүгін жөнелту жоспарланып отыр. Менің білуімше, бұл Мысыр тарапынан қаржыландырылып жатыр. Моральдық өтемақы мәселесі де шешілген», – деді Қуантыров.
Оның айтуынша, бұл мәселенің шешілуіне аталған сапарды сақтандырған қазақстандық сақтандыру компаниясы да қатысуда. Компания тиісті төлемдер мен рәсімдеулерге атсалысып жатыр.
Сондай-ақ, Шарм-эш-Шейх әуежайында болған оқиға кезінде жеңіл жарақат алған екі қазақстандық елге оралғаны белгілі болды.
«Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл жағдайды жеке бақылауына алды, сол күні арнайы комиссия жіберілді. Біздің консулдық та қажетті көмекті көрсетіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр», – деп қосты вице-министр.