Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Туа сала сен өлдің, не жазығың бар еді бөлтірігім?!: Ақын марқұм Шерзаттың рухына өлең арнады

07:55, 06 қараша 2024 1021

Ақын Ершат Қайболдин марқұм Шерзат Болаттың рухына өлең арнады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Талғардағы қанды оқиға барша қазақтың қабырғасын қайыстырды. 16 жастағы Шерзаттың өлімі әлі күнге дейін көзге жас ұялатады. Ақын осы бір тамаққа ұйыған жас боп келетін қайғыны өлеңмен жеткізіпті.

Бөлтірігім

Арланның артындағы бөлтірікті,

Қорқаулар тістеп-талап, өлтіріпті.

Қасқырдай қандасына қас қылмайтын,

Сағындым Сақ пен Ғұнды, Ер Түрікті.

 

Дәурені жүріп тұр-ау шибөрінің,

Қиналмай бөлтіріктің қиды өмірін.

Көкбөрім көкке қарап ұлыса да,

Шешкен жоқ құл қамытын, би бөрігін.

 

Әділ патша арыстан жоқ баяғы,

Қиянатшыл құзғындар көп қой әлі.

Содан кейін қорықпай қорқаулар да,

Апанына арланның от қояды.

 

Кім түзетер заманның олқылығын?

Қайнаттың-ау сорымды, сорқұдығым!

Туа сала сен өлдің, мен тірімін…

Не жазығың бар еді, бөлтірігім?!

 

Басқа бақыт не керек, басқа ғажап?

Болдық бақа-шаянға босқа мазақ!

Отаныңды қорғайтын көкжалдарды,

Қорқауларға қор қылма, қасқа, қазақ!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар