Павлодар облысы Екібастұз қаласында жаяу жүргіншілер жолында қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Alash.kz.
ГАЗ автокөлігінің жүргізушісі тротуар үстімен артқа қарай қозғалу барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамай, қолында кішкентай баласы бар әйелді қағып кеткен. Соққы салдарынан ауыр жарақат алған зардап шегуші жедел түрде аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан соң әйелдің денесінің бірнеше жері сынып, дене жарақаттарын алған. Дәрігерлер емделушінің жағдайын тұрақтандырғаннан кейін оны жансақтау бөлімінен травматология бөлімшесіне ауыстырды. Қазіргі уақытта оның денсаулық жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр және қажетті медициналық көмектің барлық түрі көрсетілуде.
Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша арнайы қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Ал оқыс оқиғаға себепші болған жүргізушінің автокөлігі полиция қызметкерлері тарапынан тәркіленіп, уақытша айып тұрағына қойылды.