Белгілі әнші Ернар Айдар жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін полицияның назарына ілікті, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, әнші трендке сай бейнежазба түсіру барысында жолдың қақ ортасында қара түсті Lexus автокөлігімен тоқтаған. Оқиға Тараз қаласында болған. Полиция қызметкерлері бұл әрекетті жол қозғалысы ережелерін бұзу деп бағалап, әкімшілік шара қолданған.
Тараз қалалық полиция басқармасының мәліметінше, Ернар Айдарға бірден үш әкімшілік хаттама толтырылған. Ол белгіленбеген жерге тоқтағаны және автокөлікті қойғаны, жол белгілері мен жол сызықтарының талаптарын сақтамағаны, сондай-ақ жолды белгіленбеген жерден өткені үшін жауапкершілікке тартылды.
Нәтижесінде әншіге 43 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Полиция өкілдері жол қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдың ойын-сауық немесе креативті контент түсіретін орын емес екенін ескертті.