Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетірес жаңа сипатқа ие болды. АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнай тасымалының 90 пайызын қамтамасыз ететін Харк аралындағы терминалдарды жою немесе басып алу туралы стратегиялық жоспарын жариялады, деп жазады Alash.kz.
Аймаққа қосымша әскери күштердің шоғырлануы құрлықтағы операцияның басталу ықтималдығын арттырып отыр. Бұл қадам Иран режимінің қаржылық көзін бұғаттауды көздегенімен, әскери мамандар мен саясаттанушылар аталған жоспардың қауіпті тұстары мен тиімділігіне қатысты күмән білдіруде. Харк аралын бақылауға алу Парсы шығанағындағы геосаяси жағдайды толық өзгертпейді. Кёльн университетінің профессоры Томас Йегер бұл стратегияның осал тұстарын атап өтті.
«Арал Парсы шығанағының түкпірінде орналасқан. Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның кем дегенде 170 шақырымдық солтүстік жағалауын, ішкі аудандары мен ондағы аралдарды жаулап алып, ұстап тұру қажет. Бұл аймақта екі миллионға жуық адам тұрады, демек, ауқымды қауіпсіздік операцияларын жүргізуді талап етеді», - деп мәлімдеді Йегер BILD басылымына берген сұхбатында.
Демек, тек бір аралды иелену стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазын толық ашуға кепілдік бермейді.
Әскери тұрғыдан алғанда, Харк аралына басып кіру АҚШ армиясы үшін үлкен тәуекелдермен байланысты. Арал Иран жағалауынан небәрі 33 шақырым жерде орналасқандықтан, америкалық десантшылар мен техникалар қарсыластың зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының оңай нысанасына айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам шығынының көп болуы Конгресске аралық сайлау өтетін маңызды саяси кезеңде Ақ үйдің беделіне нұқсан келтіруі ықтимал. Сондықтан бұл операцияның әскери жетістігінен гөрі саяси салдары ауыр болуы мүмкін деген болжамдар басым.
Қазіргі уақытта Вашингтонның басты есебі - Иран билігін экономикалық тығырыққа тіреу арқылы келіссөзге көндіру. Егер Харк аралы басып алынса, АҚШ мұнай терминалдарын қайтару шартымен Ираннан Ормуз бұғазын ашуды талап етпек. Алайда Тегеранның мұндай қысымға қалай жауап беретіні және бұл жоспардың іс жүзінде қаншалықты жүзеге асатыны әзірге белгісіз болып отыр. Аймақтағы әскери белсенділік жоғары деңгейде сақталуда.