Күні кеше ғана Иран соғысты тоқтату туралы шарт ұсынған, бүгін АҚШ соғысты тоқтатудың бірнеше тармағын жолдады, деп жазады Alash.KZ.
Анадолының жазуынша, келіссөздер жүргізу мақсатында атысты бір айға уақытша тоқтату бастамасы көтерілген.
Ираннан соң АҚШ та әскери операцияларды тоқтату үшін ұсыныс жасаған көрінеді. Мұны 12-арна аты-жөні аталмаған израильдік дереккөздерге сүйене отырып мәлім еткен.
Дереккөздердің ақпаратынша, АҚШ Иранмен шиеленісті азайтуға бағытталған ұсыныс дайындаған. Бұл жоспар Тегеран қаласына Пәкістан арқылы жеткізілгені айтылады. Материалда Иранға қарсы шабуылдарды тоқтатуға бағытталған жоспардың ықтимал шарттары да мысалға келтірілген.
Жоспарда Иранның ядролық әлеуетін жою, Тегеранның ядролық қару жасауға ұмтылмау міндеттемесі, сонымен қатар Исфахан, Натанз және Фордо нысандарындағы ядролық объектілерді пайдаланудан шығару сияқты талаптар да бар.
Сондай-ақ, Иранға ел ішінде уран байытуды тоқтатып, 60 пайызға дейін байытылған уранды Халықаралық атом энергиясы агенттігіне (МАГАТЭ) беру ұсынылған.
Шарттар қатарында:
- Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру;
- Иранның зымыран бағдарламасына қашықтық пен саны бойынша шектеулер енгізу;
- Тегеранның аймақтағы "прокси-күштерді" қолдауын тоқтату талаптары да кездеседі.
Десе де, мұндай тыйымдарды орындауға Иран мүлде келіспейтінін біраз уақыттан бері ашық айтып келеді.