АҚШ Президенті Дональд Трамп Иран тарапы Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу бойынша ұсынылған шарттарды қабылдамаған жағдайда, елге «тозақ орнатуға» дайын екенін ресми түрде мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Ақ үй таратқан бұл ескерту Ислам республикасының келіссөздерге қатысты соңғы ұстанымынан кейін жасалып отыр. Қазіргі уақытта Вашингтон мен Тегеран арасындағы дипломатиялық текетірес шегіне жетті.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт өткен брифингте АҚШ-тың бұл мәселедегі бағыты өте қатаң екенін нақтылады. Оның айтуынша, егер Тегеран қалыптасқан жағдайды мойындаудан бас тартса, зардабы ауыр болмақ. Хатшы өз сөзінде: «Егер Иран шындықты қабылдай алмаса, егер ол жеңілгенін түсінбесе және әрі қарай да соғыса берсе, онда президент Трамп оларға бұрын-соңды болмаған күшпен соққы жасауға уәде етті», – деп атап өтті.
Америкалық тарап қақтығысты реттеу бойынша «тиімді келіссөздер» жүріп жатқанын алға тартқанымен, Иран билігі бұл ақпаратты ішінара теріске шығарды. Ислам республикасының Сыртқы істер министрі Вашингтоннан түскен ұсыныстардың әлі де «қарастырылып жатқан» деңгейде екенін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ақпараттық және саяси қайшылықтардың әлі де жоғары екенін көрсетеді.