Атырау облысының Қызылқоға ауданында келін енесін пышақтап өлтірді. Аталған қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. Қазіргі таңда қылмыстық іс сот өндірісіне қабылданған. Тергеу деректеріне қарағанда, марқұм кейуана ұзақ уақыт бойы ауыр хәлде болып, төсекке таңылған және өздігінен қозғала алмай, бөгде күтімге мұқтаж болған.
Қылмыс жасалған күні үйде марқұм мен оның 38 жастағы келіні ғана болған. Күдікті асүй пышағымен қарт әйелге төрт рет пышақ сұққан. Ауыр жарақат алған жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Оқиға орнына жедел жеткен құқық қорғау органдары күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмыстың нақты себептері әзірге анықталған жоқ.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы — «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында тағайындалған сот-медициналық және психологиялық-психиатриялық сараптамалар күдіктінің созылмалы психикалық дертке, атап айтқанда параноидты шизофренияға шалдыққанын көрсеткен.
Қазіргі уақытта іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр.