Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Төрт баласын жалғыз өзі асырап келген»: Оралда жантүршігерлік апаттан көпбалалы әке қаза тапты

12:12, 02 тамыз 2026

Орал іргесінде болған жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт баланың әкесі, 47 жастағы Роман Бондарь қаза тапты. Оның жұбайы өткен жылы көз жұмған болатын, деп хабарлайды Alash.kz.

«Мой город» басылымының дерегінше, қайғылы оқиға 27 шілде күні Деркөл кенті маңындағы айналма жолда орын алған. Апатқа үш бірдей автокөлік соқтығысқан.

Полицияның алдын ала болжамынша, Lada Granta жүргізушісі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп, ол Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соғысады. Осы сәтте соңғы көліктің артынан келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы да оған келіп соғылған.

Салдарынан Volkswagen жүргізушісі Роман Бондарь алған жарақаттарынан оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Ол былтыр қараша айында жұбайы Ольга тамаққа тұншығып кенеттен қайтыс болғаннан кейін, төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еді. Қыздардың кенжесі бар болғаны тоғыз жаста. Жақындарының айтуынша, Роман отбасын бағу үшін бірнеше жерде қатар еңбек еткен.

Отбасының туысы Светлана Витенбектің айтуынша, сол күні Роман түскі үзілісте Деркөлдегі үйіне соғып, қаладағы жұмысына қайта бет алған екен. Өкінішке қарай, қарсы бағыттағы көлік оның машинасына тура соғылған.

«Ол басынан ауыр жарақат алып, кеудесімен рөлге тиген. Қауіпсіздік жастығы ашылғанымен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Осылайша төрт бірдей бала тұл жетім қалды», — дейді марқұмның туысы.

Қазіргі таңда отбасының 22 жастағы үлкен қызы Злата үш сіңлісін өз қамқорлығына алу үшін тиісті құжаттарды жинауға кіріскен. Ал тоғыз жасар кенже қызға әкесінің қазасы туралы әлі айтылмаған.

Марқұмның туыстары қайғылы жағдайға себепкер болған жүргізушінің ішімдік ішкенін айтып, істің әділ тергелуін талап етуде. Ал сараптама нәтижесі Роман Бондардың мүлде спирттік ішімдік тұтынбағанын дәлелдеді.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Роман Бондарды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 30 шілдеде өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар