Қарағандыдағы Ермеков көшесінде орналасқан көше дәмханасында газ баллоны жарылып, салдарынан төрт адам түрлі дәрежедегі күйік жарақаттарын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 22 қаңтар күні орын алып, артынан өрт шыққан. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, киоскінің ішінде көлемі 17 литр болатын газ баллонынан газ-ауа қоспасы жарылған. Өрт шамамен 30 шаршы метр аумақты шарпып, нысанның ішкі-сыртқы қаптамасын, жиһаздары мен техникасын зақымдады. Құтқарушылар тілсіз жаудың бетін қайтару барысында іштен 27 литрлік тағы екі газ баллонын сыртқа шығарып үлгерген.
«Оқиға салдарынан күйік белгілері бар төрт адам зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта мамандар жарылыстың нақты себептерін зерттеп жатыр.