«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 23 маусым күні елдегі саяси үдерістерге байланысты алдағы негізгі міндеттерді айқындау мақсатында кезектен тыс Съезін өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Серік Егізбаев қоғамдағы жаңару сұраныстары мен конституциялық реформаларды алға тартып, төрағалық қызметін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ол бұл қадамды партияның алдағы сайлау науқандарына толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін заңды үдеріс деп атап, ұйым қатарында белсенді жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. С. Егізбаев босаған лауазымға өзінің орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын ұсынды. Съезд делегаттары бұл таңдауды бір ауыздан қолдап дауыс берді.
Жаңадан сайланған төраға Қайрат Айтуғанов — аграрлық экономика мен мемлекеттік қызмет саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Ол еңбек жолында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасының орынбасары және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшысы сияқты бірқатар жауапты қызметтерді атқарған.
Төраға сайлауынан бөлек, Съезге жиналғандар партияның алдағы уақыттағы негізгі міндеттерін айқындап, аграрлық және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жандандыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар саяси ұйым мүшелері еліміздің жаңа Конституциясына сәйкес келуін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл» партиясының ресми Жарғысына бірқатар маңызды өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы бірлескен шешім қабылдады.