Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақорданың хабарлауынша, жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниеттіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлеске іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.
– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол БРИКС плюс форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.
– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, орнықтылық технологиялық тұрғыдан алға басумен ғана өлшенбейді.
– Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал етеріне сенім білдірді.