АҚШ президенті Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жиын Вашингтондағы АҚШ Бейбітшілік институты базасында өтті. Институтқа былтыр желтоқсанда Дональд Трамптың есімі берілген.
Өз сөзінде Трамп Қазақстанды «керемет әрі бай мемлекет» деп атап, Тоқаевқа ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар ол кеңеске қатысушы елдер Газа секторына гуманитарлық көмек ретінде 7 миллиард доллар бөлуге уәде бергенін мәлімдеді.
Отырыста Газа аймағындағы Халықаралық тұрақтандыру күштеріне әскери қызметкерлер жіберуге дайын бес мемлекет бары айтылды. Олардың қатарында Индонезия, Марокко, Қазақстан, Косово және Албания бар.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынды. Оның айтуынша, бұл марапат бейбітшілікті нығайту жолындағы айрықша жетістіктерді мойындауға бағытталмақ.
Кеңес жұмысына 26 мүше мемлекет пен 23 бақылаушы ел қатысуда. Қатысушылар қатарында Ильхам Әлиев, Шавкат Мирзиёев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Албания премьер-министрі Эди Рама бар.
Сондай-ақ Трамп Норвегия Бейбітшілік кеңесінің бірқатар іс-шарасын қабылдауға келіскенін мәлімдеді.