Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев: Депутаттар Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы

11:33, 28 тамыз 2026

Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы басталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Тарихи сессиясының ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

«Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады.

Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады.

Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.

Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.

Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді.

Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.

Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар