Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тізгінсіз жүргізушілер көбейді

09:17, 01 наурыз 2023 277

Тағы да жол апаты, тағы да ауылдың адамдары қайтты… Өрімдей жастар мен жылы жүзді, ақжарқын апамыз бақилық болды. Ішінде туған құда баламыз бар. Айналайын, Ипсум, Альфард мінген жүргізушілер! Адам тағдыры, аманат дегенді түсінетін уақыттарың келді ғой. Шет елдік көлік газды басқан сайын жүйіткей береді, соған есіріп жүре бермесеңдерші. Көлік сені емес сен көлікті басқару керексің ғой.


Осыдан 3 жыл бұрын туған аға-жеңгем де қайтты авариядан. Содан бері ауданда 3-4 ай сайын жол-көлік апатынан адам шығыны болуда. Біреу жарынан, біреу баласынан, біреу бауырынан айырылып жатыр. “Қалаға барып келем” деп кеткен туғаның үйге табытпен оралғанда қандай сезімде болар едіңіз?! Өте қиын! Қызылқоға Ауданы Полиция Бөлімі бір шарасын қолға алатын уақыт келді ғой. Мүмкін Қызылқоға Ауданы Әкімдігімен бірлесіп бүкіл таксилерге ортақ жиналыс жасау керек пе, әлде басқа да жолы бар ма?! Мүмкін “Сергектерді” қалаға емес ұзын трассаларға қою керек пе? Білмейм, әйтеуір бәрін тағдырға жауып отыра бермей бір шарасы жасалу керек. Әйтпесе бейбіт күнде осылай қырыла береміз. Сондықтан жүргізушілер адам тағдыры, аманат дегенді назардан шығармайықшы. Ал, бақилық болғандарды бір Алла рақымына алсын. Жандары жәннаттық болсын!!!


«Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллиннің парақшасынан.




P. S. Қызылқоға ауданының 10 ауылдық округінің 2 уі (Сағыз,Мұқыр) теміржол бойында және республикалық автотрасса бойында орналасса, қалған 8 ауылдық округтері (Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Жамбыл, Тасшағыл, Қызылқоға, Тайсойған) ішінде аудан орталығы Миялы ауылы да бар, облыс ішілік асфальт жолда орналасқан.


Әсіресе, асфальт жолсыз жол азабын 70 жыл КСРО кезінде, тәуелсіздіктің 20 жылында тартқан Миялы ауылының тұрғындары облыс орталығы Атыраумен, көрші облыстар Ақтөбе, Орал қалаларымен бірдейге қашықтықта (350-400 км) орналасқандықтан таблетка УАЗ бен жолаушылар қатынасты.


Облысішілік Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер тас жолының Қарабауға дейінгі асфальт жол, Мақатпен Сағыз арасындағы республикалық асфальт жол іске қосылған соңғы 2-3 жылдың ішінде, баяғы қара жолмен жүретін УАЗ дарды жоғарғы жылдамдықта жүретін Альфард, Ипсум маркалы 7 кісілік көліктеріне ауыстырып мінген такси жүргізушілері тек қана соңғы алты айдың өзінде екі рет 5 адамнан жоғары адамдар қайтыс болған жол көлік оқиғаларына ұшыратты. Соның бірі, бүгінгі таңдағы оқиға.

Миялыдан таңғы 6-да шыққан таксилер, Атырауға сағат 10 болмай жетіп, жолаушыларды тез жинап алып, кері қайтуға асыққан, жарысқан такси көліктердің жүру жылдамдығы спидометрлерінің көрсеткіші 120 км-ден төменге бір түспейді.

Қорыта айтқанда, біздің елде жүргізушілердің жол жүру ережесі мәдениеті қалыптаспаған. Жолаушыларды, қала берді әуелі бірінші кезекте өзін жол апаты сияқты қәуіптен қорғау туралы нұсқаулықты орындаудан гөрі, жиі екі ортаға қатынап, ақша табудың қамына түскен таксистердің құнығуын қалай жөнге салуға болады?

Оның жауабы біреу, адамның діттеген жеріне аман есен жетуі үшін Миялы-Атырау, Миялы-Ақтөбе, Миялы-Орал және кері қарай автобус маршрутын ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар қолға алуы тиіс.

Әрине, біз бизнес, жекеменшік ортаға аудандық, облыстық әкімшілік мемлекеттік орган араласа алмайды, сұранысты нарық анықтайды дейтін боларсыздар.

Алайда, клиентке таласып, тез жетіп, жолаушымен салонын толтыруға таласқан таксистерге, тиым жасаудың бір түрі, ол альтернативті нұсқа - іші жайлы, көп адам кететін Икарус автобустарын кесте бойынша, белгілі бір уақытта жүргізуді жолға қою. Олардың салонындағы орындарына билет сатуын күні бұрын онлаин ұйымдастыру қәжет. Сонда, жолға шығар жолаушы орнын күні бұрын брондап, ақшасын төлегендіктен автобус салонына жолаушылар толған болар еді.

Жолаушылардың қәуіпсіздігі бірінші кезекте болғандықтан менің ұсынысыма облыс, аудан басшылығындағы азаматтар аса мән береді мамандандырылған автобус паркін ашады деген үміттемін.


Есенбай Сәмекұлы 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар