Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, атап айтқанда Қарлыға ауылының маңында адам өліміне әкеп соққан ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Alash.kz.
Құзырлы органдардың мәліметінше, апат салдарынан екі көлік те өртеніп, жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Апат 7 ақпан күні сағат 15:10 шамасында «Жезқазған-Арқалық-Петропавл» тасжолының 927-шақырымында орын алған. Алдын ала жүргізілген тергеу нұсқасы бойынша, Петропавл қаласынан Явленка ауылы бағытына қарай Toyota Camry көлігін тізгіндеп келе жатқан 55 жастағы жүргізуші белгісіз себептермен қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан жеңіл көлік 37 жастағы азамат басқарып келе жатқан Shacman маркалы жүк көлігімен соқтығысқан.

Соқтығысу нәтижесінде туындаған өрт жеңіл машинаны және жүк көлігінің кабинасын толықтай шарпыған. Toyota Camry ішінде болған жүргізуші мен жолаушының денелері өртенген күйінде табылды. Ал жүк көлігінің жүргізушісіне кеуде тұсының соғылуы диагнозы қойылғанымен, ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
Аталған қайғылы жағдайға байланысты өңірлік полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
«Shacman жүк көлігі мен Toyota Camry жеңіл автокөлігінің қатысуымен орын алған, салдарынан Toyota жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапқан жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады.
Қазіргі уақытта мамандар апаттың нақты себептері мен оған әсер еткен факторларды анықтау мақсатында тиісті тергеу амалдарын жалғастыруда.