Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тірідей көміп тастаған: Қостанайда орын алған жантүршігерлік жағдай елді шошытты

20:53, 13 маусым 2025 666

Қостанай облысында көпқабатты үйдің балконының астынан тірідей көміліп тасталған күшіктің денесі табылды. Бұл туралы шошытқан сурет әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Оқиға Лисаковск қаласына жақын орналасқан Октябрьское ауылында болған.

Жергілікті тұрғындар балконның астынан тірідей көмілген күшікті тауып алған. Фотоға қарағанда, ит чиптелген – яғни, ол стерилизациядан, вакцинациядан өтіп, ҚОСБ (қамту – оңалту – стерилизация – босату) бағдарламасы аясында арнайы тізімге енгізілген.

Ауылдағы ерікті Ольга Соловьёва бұл бағдарлама ауылда сәтті іске асқанын, жергілікті халық тіпті жануарларды тамақтандырып жүргенін айтады. Алайда иттер қайта босатылғанда, бір әйел тұрғын наразылық білдірген.

«Сөзінше, иттер оның бау-бақшасын таптап кетеді екен. Акиматқа шағымданып жүрген. Біршама уақыт өткенде, дәл сол әйел тұратын үйдің астынан күшікті тауып алдық. Бұл – өте күмәнді сәйкестік», – деді Соловьёва.

Куәгерлердің айтуынша, күшікті қазып алып үлгерген, ол жерден шығып қашып кеткен. Бірақ соқыр болып қалуы мүмкін – шоктан немесе жарақаттан. Қазір оны еріктілер іздеп жатыр.

Қостанай облыстық полиция департаменті әзірге ресми арыз түспегенін, бірақ таралған ақпарат негізінде тексеріс басталғанын мәлімдеді.

«Қызметкерлер оқиғаға қатысы бар адамды анықтап, куәгерлерден жауап алып жатыр. Белгісіз тұлғаның әрекетінде “Жануарларға қатыгездік жасау” бабына сәйкес құқық бұзушылық белгілері бар», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Егер оқиғаға кәмелетке толмаған балалар қатысқан болса, жауапкершілік олардың ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар