Қостанай облысында ана дәрігерлерді салғырттыққа айыптады. Ол кісінің 11 жастағы қызы мүгедек болып қалған, деп жазды Alash.kz.
Қостанай облысының тұрғыны Айгүл Ділдабай дәрігерлердің салғырттығынан қызының өмірі күрт өзгергенін айтып, әділдік іздеп жүр. Оның сөзінше, 11 жастағы қызына қажетті тексеріс жүргізілмей, күшті антибиотик салынғаннан кейін бала ауыр хәлге түскен.
Анасының айтуынша, оқиға үш жыл бұрын болған. Қызының бетіне бөртпе шыққан соң олар Диевка ауылындағы емханаға жүгінген. Дәрігерлер талдау нәтижелерін күтпестен “цефтриаксон” антибиотигін екі күн қатарынан еккен. Осыдан кейін қыз есінен танып, жансақтау бөліміне түсіп, бірнеше күн комада жатқан.
Қазіргі таңда қыздың жағдайы ауыр. Бұрын белсенді, сабағын жақсы оқыған оқушы қазір сөйлей алмайды, өздігінен жүріп-тұруы қиын. Анасының сөзінше, бала тепе-теңдігін сақтай алмайды және күнделікті қажеттіліктерін өз бетінше орындай алмай қалған.
Ал Әулиекөл аудандық ауруханасының бас дәрігері Темірхан Бегісбаев бұл жағдайға қатысты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, медициналық бақылау нәтижесінде дәрігерлер тарапынан қателік анықталмаған. Мамандар баланың жағдайы антибиотиктен емес, аурудың асқынуынан болды деген қорытындыға келген.
Аталған іс бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. Алайда Айгүл Ділдабай бұл шешіммен келіспей, Бас прокуратураға шағым түсірген. Ол қызының қазіргі жағдайына кінәлілер жауап беруі тиіс деп есептейді.