Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Тілеулес жандарға рақмет!". Бокстан шеттетілген Қазақстан спортшысы Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеме жасады

16:26, 21 ақпан 2026

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының шешіміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Alash.kz.

World Boxing Organization (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионының ісі бойынша ресми үкім шығарып, мельдонийге байланысты допинг-сынама оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан, спортшыны чемпиондық белбеуден айырмау туралы шешім қабылдады.

2026 жылғы 19 ақпандағы резолюцияға сәйкес, Әлімханұлы бір жылға дисквалификацияланды. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл осы күні WBO спортшының талдауы оң нәтиже көрсеткені туралы ресми хабарлама алған.

Сонымен қатар ұйым қазақстандық боксшының WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Комитет оның бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу барысында толық ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін жеңілдетуші мән-жай ретінде ескерген.

Шешім жарияланған соң Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне үндеу жасады.

«Аллаға шүкір! Біз WBO чемпиондық титулын сақтап қалдық! Желтоқсанда рингке ораламыз! Тілеулес болған жандарға рақмет!» – деді ол.

Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін боксшы алғашқы жекпе-жегін WBO-ның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен өткізуі тиіс. Оған дейін аралық кездесулер ұйымдастыруға тыйым салынған. Белгіленген талаптар орындалмаса, ұйым чемпионды қосымша рәсімдерсіз-ақ белбеуден айыруы мүмкін.

Жәнібек шаршы алаңға оралғанға дейін WBO уақытша титул үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасында жекпе-жек өткізуге рұқсат берді.

Ұйым шешіміне 14 күн ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар