Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тікелей жауапкершілік танытуы тиіс» Олжас Бектенов облыс әкімдеріне маңызды тапсырма берді

18:00, 13 қазан 2026

Олжас Бектенов әкімдіктерге қаржылық тәртіпті күшейтуді және экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Үкімет отырысы барысында Премьер-министр Олжас Бектенов бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуді, өңірлердің қосымша кірістерін жұмылдыруды және әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ете отырып, қаржылық тәртіпті күшейтуі қажет.

Әкімдерге қосымша кірістерді жұмылдырып, ішкі резервтерді барынша пайдалануды тапсырамын. Бұл өңірлердің жоспардан тыс республикалық бюджет қаражатына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді»,— деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына ерекше назар аударылды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Маңғыстау, Қостанай, Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында оң динамика қалыптасып отыр. Ал Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Жетісу облыстарында екі көрсеткіші бойынша жағдайды жақсарту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді. Аталған өңірлер басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. 

«Біздің алдымызда экономиканың сапалы өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін әрбір министр мен әкім барынша үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеп, тікелей жауапкершілік танытуы тиіс»,— деп атап өтті Премьер-министр.

Үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар