Қазақстандықтарға жаңа киберқауіп туралы ескерту жасалды. Полицияның мәліметінше, алаяқтар енді адамдарды Telegram арқылы “тегін электронды кітап” ұсынамыз деп алдай бастаған, деп хабарлайды Alash.kz Polisia.kz сілтеме жасап.
Схема қарапайым: сізге кітаптардың үлкен базасы бар деген хабарлама келеді. Қалаған кітабыңызды сұраған кезде бот оның қысқаша мазмұнын жіберіп, оқу үшін «арнайы қосымша» орнатуды ұсынады.
Бірақ бұл — кітап емес, зиянды вирус. Қосымшаны жүктеген сәттен бастап алаяқтар:
- телефондағы құпиясөздерге,
- банк қосымшаларына,
- жеке хаттарға,
- фотолар мен файлдарға
қол жеткізе алады. Кей жағдайларда смартфонды қашықтан басқару мүмкіндігі де пайда болады.
Яғни бір ғана файл — барлық жеке өміріңізге жол ашуы мүмкін.
Полиция ескертеді: мессенджерлерде келген бейтаныс сілтемелер мен файлдарды жүктемеңіз. “Тегін”, “жедел”, “тек сізге” деген ұсыныстардың артында көбіне алаяқтар тұрады.
Кибергигиенаны сақтаңыз. Күмәнді файл — қауіпті файл!