Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тау туризмі фестивалінде Шаған шыңына төрт жүзден астам адам шықты (ФОТО)

15:57, 06 маусым 2024 454

Тау туризмі фестивалінде Шаған шыңына төрт жүзден астам адам шықты. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Жетісу облысында екінші жыл қатарынан ерекше спорттық-туристік фестиваль өткізілуде. Фестивалдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын, спортпен тұрақты шұғылдануды насихаттау, өңірде тау және экологиялық туризмді дамыту мүмкіндіктерін көрнекі түрде паш ету.

Бұл жолы фестивальға жергілікті тұрғындармен қатар Алматы қаласынан да қатысушылар келді, олардың саны 400-ден асты. Шаған шыңын бағындыруға келгендер 13 шақырымға көтеріліп, теңіз деңгейінен 2551 метр биікке шықты. Бұл ретте ең жас қатысушы 5 жаста болса, ең үлкені 70 жастан асқан, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылы да «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығы облыстың кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, Көксу аудандық әкімдігінің қолдауымен «Shagan Fest-2024» фестивалін бұрынғыдай Көксу ауданы Ақтөбе ауылының маңында өткізді.

Қатысушылардың қадамына сәттілік тілеген басқарма басшысы Бақытнұр Бақытұлы бұл фестиваль өңірдегі экологиялық және тау туризмін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Биікке шығар алдында қатысушылар өздерінің хал-ахуалы үшін жауапкершілік алатыны туралы міндетті құжатты, маршрут барысындағы жеке қауіпсіздік ережелері мен мінез-құлық қауіпсіздігі туралы нұсқаулықты толтырып, тіркеуден өтті.

Мұнан соң фитнес-жаттықтырушымен бірге шағын жаттығу жасады.

Жалпы, маршруттың ұзындығы шамамен 13 км. «Visit Zhetysu» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Жандос Нұриев фестивальдің басты мақсаты Жетісу облысында тау туризмін насихаттау, мүмкіндігінше көп адамды, әсіресе жастарды салауатты белсенді демалысқа тарту екенін атап өтті.

«Shagan Fest-2024» фестивалін өткізу жақсы дәстүрге айналуда. Бұл жолы жасы, кәсібі мен қызығушылығы сан түрлі 400-ден астам қатысушы Талдықорған, Алматы, Текелі қалаларынан, Сарыөзек ауылынан келіп отыр. «Bike Team», «VeloTravelTekeli», «VeloFriends» велоқоғамдары, сондай-ақ «Жоңғария», «Истоки» балалар-жасөспірімдер туристік клубтары, «Атамекен» фитнес-орталығының жаттықтырушылары, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі мен І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері белсенділік көрсетті, яғни қатарымыздың көбі жастар. Сонымен қатар бізде фестивальға екінші жыл қатарынан қатысып отырғандар да бар, тіпті бүкіл отбасымен келгендер де бар, біз бұған қуаныштымыз.

Осылайша, бірте-бірте «Shagan Fest» Жетісудың жаяу және тау туризмінің көрнекті шарасына айналып келеді, - дейді Ж.Нұриев.


Тау шыңдарын бағындырушылар үшін Талдықорғаннан трансфер ұйымдастырылды, су, қоректік батондар, айырым білезіктері таратылды, маршруттың соңында таза ауада кешкі ас берілді. Сонымен қатар тауға көтерілу мен түсу кезінде ұйымдастырушылар қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қажет болған жағдайда көмек көрсету үшін маршрутта мотоциклдер мен арнайы көліктер де жүрді.

Атап өтсек, таудан төмен түскен кезде қатысушылар жол бойында кездескен тұрмыстық қоқыстарды, негізінен пластикалық бөтелкелер мен полиэтилен пакеттерді жинады. Бұл қоғамдағы экомәдениеттің нығайып келе жатқанын көрсетсе керек.

Ұйымдастырушылар бұл соңғы тау фестивалі емес екенін айтады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, шілде айының екінші жартысында өңірде балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдауға арналған 2 ірі іс-шара өткізу жоспарланған.


- «Ұлы дала елі» экспедициясын және «Ұлы Жоңғар Алатауы» туриадасын өткіземіз. Біріншісі - шағын саяхат, екіншісі - жарыс. Маршруттар қазір пысықталуда. Жетісу облысында тау туризмін дамытудың әлеуеті зор екенін ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Туризмнің бұл бағыты әсіресе Сарқан, Ескелді аудандары мен Текелі қаласына қатысты. Қора шатқалында Орталық Азиядағы ең биік Бұрханбұлақ сарқырамасы - басты көрікті жерлеріміздің бірі, - дейді Б.Бақытұлы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар