Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тартып алды!»: Қазақстан азаматы Садыр Жапаровтан көмек сұрады

11:56, 09 қараша 2026

Қазақстан азаматы Әлиджи Фаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа ашық шағым жасап, Чүй облысында карьер сатып алу кезінде ірі көлемдегі алаяқтыққа тап болғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

Мемлекет басшысымен кездесуде қазақстандық кәсіпкер Қант қаласының маңынан карьер сатып алғанын, алайда кейін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері нысанды заңсыз жолмен тартып алғанын мәлімдеді. Ер адамның сөзінше, күдіктілердің бірі өзін президенттің туысы ретінде таныстырған:

«Мен карьер сатып алып, ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түстім. Олар оны алаяқтық жолмен қайта тартып алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін жиеніңіз, туысыңыз Әзімат Жапаров деп таныстырды. Екіншісі – Ильясбек Қайыпов», — деді Әлиджи Фаров.

Сондай-ақ шағымданушы бұл тұлғалардың ұйымдасқан қылмыстық топпен, соның ішінде Мәскеуде ұсталған адамдармен байланысы бар екенін алға тартты.

Азаматтың сөзін тыңдаған Садыр Жапаров оқиғаның мән-жайын тез арада анықтауды Қырғызстан Ішкі істер министрлігіне жүктеді. Күдіктілердің әлі бостандықта жүргенін білген президент министрлікке нақты тапсырма берді:

 «ІІМ, оларды ұстаңдар және ақшаны қайтарыңдар. 200 мың долларды қайтару керек. Оған көмектесіңдер», — деді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров.

Қазіргі уақытта Қырғызстан ІІМ аталған шағым бойынша тексеру жүргізіліп жатқаны немесе күдіктілердің процестік мәртебесі туралы ресми ақпарат жариялаған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар