Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тарлан Астана». Атқамінерлер Астанадағы ұзақ уақыт салынған LRT-ға қандай атау береміз деп бас қатырып жатыр

08:54, 06 маусым 2026

Астанадағы LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру ұсынылды

Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесіне (LRT) жаңа атау беру мәселесі қалалық ономастика комиссиясының отырысында қаралды. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек мәлімдеді.

Оның айтуынша, көлік жүйесіне атау беру жөнінде қала тұрғындарынан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағынан түрлі ұсыныстар түскен.

Қаралған нұсқалардың қатарында «Қыран», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және өзге де атаулар болған. Талқылау нәтижесінде комиссия мүшелері LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты бірауыздан қолдаған.

Досжан Исабектің сөзінше, қазіргі уақытта LRT елорданың маңызды қоғамдық көлік жүйелерінің біріне айналып келеді. Сондықтан оған тек техникалық нысан ретінде емес, тұрғындарға түсінікті, есте сақталатын әрі заманауи бренд ретінде қарау қажет.

Оның пікірінше, халықаралық тәжірибеде мұндай көлік жүйелеріне қала ерекшелігі мен мәдениетін айқындайтын қысқа әрі бірегей атаулар беріледі. Осыған байланысты жаңа атау ұлттық болмысқа сай болып, навигациялық жүйелерде, мобильді қосымшаларда және ресми ақпараттық ресурстарда қолдануға ыңғайлы болуы тиіс.

Басқарма өкілінің айтуынша, «Тарлан» атауы қазақтың тарихи-мәдени мұрасымен сабақтасып, еркіндік, жылдамдық, күш-қуат, тектілік және сенімділік секілді ұғымдарды білдіреді.

Сондай-ақ «Тарлан Астана» атауының айтылуы жеңіл, есте сақтауға оңай және заманауи көлік жүйесінің серпінді сипатын көрсететіні атап өтілді. Бұдан бөлек, атау халықаралық форматқа бейімделгендіктен, шетелдік туристер мен қала қонақтары үшін де қолайлы болады деп күтілуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар