Қазақстан ерлер құрамасы (сапы) отандық семсерлесу тарихында тұңғыш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл тарихи жетістік кейінгі 12 ай ішіндегі ірі халықаралық жарыстардағы жеңістер сериясының нәтижесі.
Команда шың басына жету жолындағы шешуші қадамды 2026/27 жылғы маусымның ашылуы - Марокконың Касабланка қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алу арқылы жасады.
Әлемдік рейтингте бірінші орын иелену қазақ семсерлесу шеберлерінің тамаша жеңістер сериясының шарықтау шегіне айналды. 2025 жылдың қараша айында команда Сауд Арабиясының Ар-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жеңіске жетсе, 2026 жылдың маусымында Нью-Делиде (Үндістан) Азия чемпионы атанып, шілдеде Гонконгта (ҚХР) әлем чемпионатының алтынын еншіледі. Ал қыркүйекте Айчи-Нагояда (Жапония) өткен Азия ойындарында топ жарды.
Көптеген жыл бойы ерлер арасындағы командалық сапы сайысында Франция, Италия, Мажарстан және Швейцария сияқты семсерлесу спорт түрінен танымал алпауыттар көш бастап келді. Азия елдері арасында бұған дейін тек Жапония мен Оңтүстік Корея ғана әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген. Енді олардың қатарына тұңғыш рет осындай нәтижеге қол жеткізген Қазақстан қосылды.
Касабланкадағы әлем кубогына қазақстандықтар тек Швейцария мен Франциядан кейінгі әлемнің үшінші командасы ретінде келген. Турнирдегі жеңіс құрамаға қарсылық тудырған елдерді басып озып, FIE рейтингінде тұңғыш рет бірінші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирбулат Абуов осы тұста жас спортшылардың рөлін ерекше атап өтті:
«Ең алдымен, спортшыларды, бапкерлерді және бүкіл команданы осындай тарихи нәтижемен құттықтаймын! Бұл жетістіктің маңызы Касабланкада жаңартылған құраммен өнер көрсеткенімізде жатыр. Жарыс жолына Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов пен Кирилл Павлов шықты. Олардың үшеуі - жаңа ғасырдағы буынның өкілі. Сонымен қатар әлем чемпионы атанған 4 спортшының екеуі бұл турнирге қатыспады.
Дәл осы құраммен біз ерлер арасындағы командалық сында 23 дүркін әлем чемпионы атанған Францияны жеңдік. Бұл - сапы бағдарламасындағы абсолютті рекорд. Отандастарымыздың бұл жеңісі елде мықты көшбасшылар ғана емес, әлемнің үздік құрамаларын жеңе алатын жас спортшылардың да бар екенін дәлелдейді», – деп айтты Мирбулат Абуов.
Мароккода бас жүлдеге апарар жол Түркияны (45:20), Гонконгты (45:28) ойсырата жеңуден басталды. Ширек финалда қазақстандықтар тартысты бәсекеде Мысырды 45-39 есебімен ұтты.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы Франциямен кездесті. Айқастың басынан бастап басымдыққа қол жеткізген спортшыларымыз басымдықты уысынан шығармай, 45-39 есебімен жеңіске жетті.
Шешуші кездесудегі қарсылас Ресей атанды. Қазақстандықтар айқас барысын бақылауда ұстап, әр кезеңде шағын басымдықты сақтап қалды және финалды 45-40 есебімен аяқтады.