Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тарихи жетістік! Алтын медаль жеңіп алды: Даужан Бекетов IOAI 2026 олимпиадасының үздік үштігіне енді

19:54, 07 тамыз 2026

Қазақстанның ұлттық құрамасы 2–8 тамыз аралығында Астанада өткен 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадада (International Olympiad in Artificial Intelligence, IOAI 2026) тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп жазады Alash.kz.

Жеке сайыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 4 қола. Осылайша, ұлттық құраманың барлық сегіз мүшесі олимпиаданың жүлдегері атанып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті. Бейресми медальдық есепте Қазақстан құрамасы 6-шы орынға орналасты.

Ерекше жетістікке Даужан Бекетов қол жеткізді. Ол алтын медаль жеңіп алып, абсолюттік есеп бойынша әлемнің ең үздік үш қатысушысының қатарына еніп, 2-орынға ие болды. Осылайша, ол IOAI тарихында абсолюттік есептің жүлдегерлері қатарына енген алғашқы қазақстандық атанды.

Қазақстан құрамасының жүлдегерлері

Алтын медаль иегерлері

● Даужан Бекетов (Алматы қаласы, №165 лицей) — алтын медаль және абсолюттік әлемдік есепте 2-орын ;

● Сұлтанби Исатай (Қарағанды облысы, Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі).

Күміс медаль иегерлері

● Әбу Қанабек (Алматы қаласы, Республикалық физика-математика мектебі);

● Әлем Аменов (Абай облысы, Семей қаласындағы «Білім-Инновация» лицейі).

Қола медаль иегерлері

● Жәнібек Қасымхан (Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);

● Улугбек Усманов (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);

● Исламнұр Хұсаинов (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі);

● Дінмұхаммед Ынтықбай (Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі).

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Данабек Қалиаждаров бұл жетістік мектеп оқушылары арасында спорттық бағдарламалау мен жасанды интеллектті дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың заңды нәтижесі екенін атап өтті.

«Бүгін біз оқушыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың, тәлімгерлеріміздің және кезең-кезеңімен қалыптастырып келе жатқан тұтас экожүйенің жемісін көріп отырмыз. Осындай жоғары нәтижеге дәл өз елімізде өткен олимпиадада қол жеткізу – ерекше мәртебе. Біз үшін бұл сегіз медаль ғана емес, Қазақстанның бүгінде әлемнің ең үздік қатысушыларымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын халықаралық деңгейдегі жас мамандарды даярлап отырғанының айқын дәлелі. Ұлттық құраманың әрбір мүшесін, олардың ата-аналарын, ұстаздары мен жаттықтырушыларын осы айтулы жетістікпен шын жүректен құттықтаймын», – деді Данабек Қалиаждаров.

Ұлттық құраманы даярлау Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының үйлестіруімен, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Бір жыл бойы қатысушылар көпсатылы ұлттық іріктеуден өтіп, қарқынды оқу-жаттығу жиындарына қатысып, еліміздің жетекші жаттықтырушылары мен сарапшыларының жетекшілігімен жасанды интеллект бойынша арнайы дайындықтан өтті.

Ұлттық құраманың жоғары нәтижесі Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы олимпиадалық қозғалысты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстандық оқушылардың жетістігі еліміздегі даярлық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп, Қазақстанның AI-білім беру мен дарынды жастарды қолдау бағытындағы әлемдік көшбасшылар қатарындағы орнын одан әрі нығайта түсті.

Бұл жетістік ұлттық құраманың ғана емес, Қазақстанда өткен 3-ші Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының да маңызды қорытындысына айналды. Өз жерімізде өткен олимпиада Қазақстанның қазіргі заманның ең перспективалы бағыттарының бірі – жасанды интеллект саласында әлемнің ең үздік мектеп оқушыларымен табысты бәсекеге түсе алатын жас буынды даярлауға толық қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар