Музейтанушы Тұрар Сәттарқызы Шәкен әлеуметтік желіде жазба жариялап, қазақ киносының алтын қорына енген Қыз Жібек фильміндегі тарихи реквизиттің жеке адамның қолына өтуіне алаңдаушылық білдірді, деп жазды Alash.kz.
Оның айтуынша, фильмде қолданылған Жібек бейнесінің қамзолы – белгілі суретші Гүлфайрус Исмаилованың қолынан шыққан бірегей туынды. Маман бұл жәдігердің жеке тұлға – Баян Алагөзованың иелігіне қалай өткеніне қатысты сұрақ қойды.
Ақшаға бәрі сатылады” дегеннің дәлелі ме? Қазақфильмнің алтын қорындағы аты аңызға айналған, “Қыз Жібек” фильміндегі реквизит Гүлфайрус Исмаилованың қолынан шыққан Жібектің қамзолы, жәдігерге айналған зат жеке адамның қолына -Баян Алагөзованың қолына қалай түскен? Сонда тарихи жәдігерге айналған, өткеніміз жайлы “сөйлеп тұратын” дүниелер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек пе?! - деді ол.
Музейтанушының пікірінше, мұндай тарихи маңызы бар заттар ұлттық мұра ретінде сақталып, музей қорында болуы тиіс. Ол жәдігерлердің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтіп, мұндай құндылықтардың “жеке қолда кетуі” қоғам үшін алаңдатарлық жағдай екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол бұл бұйымның Ұлттық музейде немесе «Қазақфильм» музейінде сақталуы қажет екенін айтып, тарихи мұралардың сақталуына қатысты жауапкершілікті күшейту керектігін алға тартты.
Желі қолданушылары арасында бұл мәселе қызу талқыланып, мәдени құндылықтардың сақталуы мен меншікке берілу тәртібі туралы түрлі пікірлер айтылуда.