Ербаян Мұхтардың денсаулық жағдайына қатысты қарама-қайшы ақпараттар тарап, жағдайдың әлі де белгісіз болып отырғаны анықталды, деп жазады Alash.kz.
Әскерде комаға түскен сарбаздың Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына шұғыл жатқызылғаннан кейін көз жұмғанын хабарланған еді. Дегенмен, марқұмның туған-туыстары мұндай соңғы үкімді кесіп айтуға әлі ерте екенін алға тартып отыр.
Тараған суыт хабарларға байланысты Ербаянның ағасы інісінде әлі де тіршілік белгілері бар екенін айтты.
«Ербаянның тамыры соғып тұр. Денесі жылы. Біз әлі де үмітімізді үзбейміз. Дәрігерлер тиісті шараларды қолданбай жатыр».
Сарбаздың жақындары ресми мәлімет алу үшін елордадағы емдеу мекемесіне шұғыл жеткен және дәрігерлерден нақты медициналық қорытынды мен болып жатқан жағдайдың анық-қанығын түсіндіруді талап етуде. Олардың пайымынша, аурухана тарапынан науқастың өмірін сақтап қалу үшін әлі де толыққанды тиісті шаралар қолданылмай жатыр.
Бұл оқиға 2023 жылдың соңында, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметін өтеп жүргенде басталған болатын. Сол кезде ол бас сүйегінен аса ауыр жарақат алып, комаға түскен еді. Әскери бөлім өкілдері сарбаз дәретханада абайсызда құлап, басын соғып алды деген нұсқаны ұсынғанымен, оның отбасы бұған бірнеше мәрте күмән келтіріп, қарсылық білдірген. Кейіннен Қазақстандағы ұзақ емнен соң, отандастарымыз жинап берген 220 миллион теңгеден астам қаражаттың арқасында Ербаян Түркияға оңалту шараларына жіберілген болатын. Шетелде жағдайы біршама оңалғанымен, кейіннен дәрігерлер оның денсаулығының қайтадан күрт нашарлағанын мәлімдеді. Артынша елордадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына күтімде болды.
Қазіргі уақытта Ербаянның қайтыс болғаны туралы ешқандай ресми медициналық бекіту жоқ, сондықтан жұртшылық дәрігерлердің ресми мәлімдемесін күтуде.